Search

«100 жаңа есім жеңімпазы» сексеуілді зиянкестерден қорғайтын ғылыми жобаны қолға алды


Әлеуметтік желіде «Орман перизаты» деген атпен танымал Екатерина Вибе сексеуілді зиянкес жәндіктерден қорғайтын жобаны қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Жас қыздың табиғатқа деген қамқор пейілі оны «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы етіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жоба жеңімпаздарымен кездесуінде оның бұл еңбегін ерекше бағалады.


Орман қорғау тақырыбында 60-қа жуық ғылыми мақаласы шыққан Екатерина Вибе Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істейді. Жас болғанына қарамастан, талай халықаралық және республикалық жобаларға атсалысқан. 2020 жылы Корея Республикасының ормантану институтымен бірге қара сексеуілдің зиянкес жәндіктерге төзімділігін зерттеген болатын.


«Біз Шығыс Қазақстанның шыршалы ормандарын, Ертіс өңірінің қарағайлы ормандарын, қайың ормандарын зерттедік. Қазір сексеуілдің зиянкес жәндіктерге төзімділігін зерттеуды қолға алдым. Бұл Қызылорда сияқты өңірлер үшін шын мәнінде өзекті мәселе. Ағашты егу жеткіліксіз, еккен соң күту керек», - дейді орман жанашыры.


Екатерина шөлейттенуге бейім өңірлерді азып-тозудан сақтайтын сексеуілдің ең төзімді түрлерін анықтамақшы.


«Бүгін осы шарадан шығып, Қызылордаға барамын. Қазір де өзім осында тұрғаныммен ойымның бәрі сол жақта. Бұл жолғы сапар барысында сексеуілдің зиянкес жәндіктерге төзімді түрлерін анықтамақшымыз. Бұл ойымыз іске асса, шөлейттенуге бейім аумақтарға үлкен көмегіміз тиетін еді», - «100 жаңа есім» жеңімпазы.



Автор: Есімжан Нақтыбай

#Ғылым #Экология #100 жаңа есім


© 1999-2019  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon