Search

«Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының төртінші томы жарық көрді


ҚР Ұлттық музейінде «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының төртінші томы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Төртінші жинақта Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысы және Шығыс Қазақстан облысының мәдени және тарихи мұрасы қамтылған.


«Бүгін «Қасиетті Қазақстан» еңбегінің төртінші томы жарық көрді. Энциклопедия аясында мен Шығыс Қазақстан облысында жұмыс істедім. Біз бұл жұмысқа Шығыс Қазақстанның археологиялық, тарихи, мәдени ескерткіштері мен географиялық ландшафтарын енгіздік. Жалпы алғанда, аймақта орналасқан 70-тен астам әртүрлі тарихи ескерткіштер қамтылды. Мысалы, олардың арасында «Аблайкит» буддалық монастыры бар. Түркі қағанатының заманынан бергі «Елеке сазы» ғибадатхана кешені, Семейтау, Көкентау тау сілемдері және түрлі кезеңдерді қамтитын басқа да ескерткіштер бар», - деді ғалым, Назарбаев Университеті оқытушысы Айдын Жүнісханов.


Айта кетейік, «Қасиетті Қазақстан» бестомдық энциклопедиясының алғашқы жинағы 2017 жылы жарық көрді. Онда Алматы және Ақмола облыстары, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының киелі нысандары көрсетілген болатын. Осылайша, жинақ кезек-кезегімен шығып, Қазақстанның барлық киелі орындарын қамтиды. Жинақ екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде әзірленген.


«Қасиетті Қазақстан» жинағының соңғы бесінші томы келесі жылы шығарылуы мүмкін.


Автор: Айжан Серікжанқызы





#Білім #Ғылым #Мәдениет


© 1999-2019  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon