Search

Қазақ ұлттық университеті ғылыми-технологиялық алқап құруға кірісті


Қазақ ұлттық университеті IT, инновациялық және медико-биологиялық кластерді қамтитын «Әл-Фараби» ғылыми-технологиялық алқабын құруға кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».


Бүгін ұлттық университет түркиялық ірі компаниямен қажетті нысандардың құрылысын бастау туралы ұзақ мерзімді инвестициялық келісімге қол қойды. Жоба кезең-кезеңмен іске асады. Инвестицияның жалпы сомасы 1 млрд АҚШ долларына тең. Бірінші болып 500 орындық көпсалалы клиникалық орталық салынады.


500 орындық көпсалалы клиникалық орталық университет қалашығында бой көтереді. Оған арнайы жер телімі бөлінген. Орталықта заманға сай ғылыми-зерттеу зертханада болады. Бұл инвестициялық жоба болған соң түркиялық компания оны алдағы 30 жылда ұлттық университетпен бірігіп басқаруға мүдделі.


Осман Мимарсинаноғлы, түркиялық инвестор:

– Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ислам және түркі әлеміндегі ең үздік жоғарғы оқу орындарының бірі саналады. Біздің мақсатымыз – университетпен ұзақ мерзімдік әріптестік қарым-қатынас орнату. Ал клиникалық орталықтың құрылысын жазда бастасақ деп отырмыз. Құрылыс мерзімі 2-3 жылға жалғасуы ықтимал.


Клиникалық орталықта еліміз бен шетелдің студенттері білім алады. Теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, дәрігерлік мамандық бойынша жұмысқа да орналасады. IT, инновациялық және медико-биологиялық кластерлерді дамыту заманауи технологиялар трансфертін жүзеге асырып, менеджменттің озық тәжірибесін пайдалануға мүмкіндік береді.


Ғалымқайыр Мұтанов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры:

– Клиника негізінде жақсы білім, тәжірибе алып әлемдік деңгейде жақсы қалыптасатын мамандар болады деген сенімдеміз. Ол тек қана мамандар дайындау емес, жақсы технологияларды тарту. Бұл жерде бұрынғы модельден кету керекпіз. Тек қана мамандар дайындап, дипломын беріп. Ол ертең бәсекеге қабілетті ме, ертең жұмысқа орналаса ала ма? Сондықтан білім, ғылым, технология қатар жүреді. Сол негізде мамандар дайындалады.


Шартқа сәйкес инвестор нысандарды салып, қажетті құралдармен жабдықтайды және мемлекет меншігіне тапсырады. Аталған жобалар жүзеге асатын болса 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.


Авторлар: Алмас Садуақас, Әбен Нарынбаев


© 1999-2019  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon