Search

Қазақстан мектептерінің терроризмге қарсы қорғанысы тексеріліп жатыр


Еліміздегі барлық мектептің терроризмге қарсы қорғанысы тексеріліп жатыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Ішкі істер министрлігі Қазандағы оқиғаға байланысты ішкі істер органдары басшыларымен шұғыл жиын өткізді. Ұлттық білім беру жүйесіндегі мекемелердегі балалар мен ересек адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қысқа ғана уақыттың ішінде білім беру органдарымен бірге бүкіл мектептің терроризмге қарсы қорғанысы зерделенетін болады. Бұл жұмысты таяу күннің ішінде аяқтаймыз», - деді комитет төрағасы Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.


Оның атап өтуінше, аталған жұмыстың нәтижесінде Үкіметке барлық білім беру ұйымдарын қажетті техникамен жабдықтау және өткізу режимін күшейту бойынша ұсыныстар топтамасы енгізіледі.


«Ішкі істер министрлігі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және балалар мәселесін басты назарда ұстайды. Бұл мәселеге қоғам болып мән беру керек», - деді Мұрат Баймұқашев.


Еске сала кетейік, 11 мамырда Татарстанның Қазан қаласындағы мектепте белгісіз екі адам оқ жаудырған болатын.


Автор: Марлан Жиембай

#Білім #ҚР ІІМ

© 1999-2019  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon