Search

Қазақстандық 14 жоғары оқу орны халықаралық академия рейтингіне енді


Қазақстандық 14 жоғары оқу орны Quacquarelli Symonds World University Rankings халықаралық академиялық рейтингіне енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


QS WUR – әлемдегі ең беделді рейтингтердің бірі. Сондай-ақ биыл кейбір университеттер рейтингте бірнеше орынға көтеріліп, өз позицияларын нығайта түсті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тағы да 175-орынға тұрақтап, әлемнің 200 үздік университетінің қатарына енді. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 90 позицияға көтеріліп 328-орынды, ал Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті 482-орынды иеленіп, үздік 500 оқу орнының қатарынан көрінді. Сонымен қатар рейтингке Satbayev University, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті кірді.


«Рейтинг тарихына көз жүгіртсек, биыл оның құрамына қазақстандық жоғары оқу орындарының рекордтық саны кірді. Рейтингке енгізілген 14 жоғары оқу орнының жетеуі соңғы жылы өз позицияларын жақсарта түсті. Бұл қазақстандық жоғары білімнің халықаралық деңгейдегі танымалдылығының арта түскендігін көрсетеді», – деп атап өтті ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.


Жоғары оқу орындарының позицияларын есептеу кезінде рейтингте академиялық топтар мен жұмыс беруші ұйым өкілдерінен жиналған сауалнамалардың нәтижелері, сондай-ақ 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңдегі 14,7 миллион жарияланым ескерілгенін атап өткен жөн. Әлемдік рейтингтерде ілгерілеу – қазақстандық білім беру сапасының одан әрі жақсара түсуінің және университеттердің жоғары мәртебесінің айқын дәлелі болып табылады.


#Білім #ҚР Білім және ғылым министрлігі


© 1999-2019  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon