Search

Қазақстандықтардың 11,7 пайызы ғана күн сайын кітап оқиды


Елімізде екі тұрғынның бірі мүлдем кітап оқымайды. Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты осындай ақпарат таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Бүгін ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнаманың қорытындысы жарияланды.


«Елімізде кітаптың баршаға қолжетімді болуы үшін барлық әртүрлі мүмкіндіктер ұсынылған. Өкінішке қарай, сауалнамаға қатысқан әрбір екінші респондент кітап оқымайды. Қазақстанның әр жиырмасыншы азаматы ғана күн сайын қағаз кітаппен уақыт өткізеді. Ал әр оныншы респондент аптасына бірнеше кітап оқиды», - деп жазады институт мамандары.


Сауалнамаға қатысқандардың 5,3 пайызы күн сайын қағаз кітап оқитынын айтса, 6,4 пайызы электронды кітап оқитынын айтып жауап берген.


11,1 пайызы аптасына бірнеше рет қағаз кітап оқыса, 8,4 пайызы электронды кітапқа жүгінетінін көрсеткен.


Жауап берушілердің 9,3 пайызы аптасына бір-ақ рет қағаз кітап оқитынын айтса, 9,8 пайызы электронды кітапқа сонша уақыт жұмсайтынын айтқан.


Респонденттердің 21,7 пайызы айына бір рет қағаз кітапқа бас қойса, 10,2 пайызы электронды кітапты айын бір рет оқитынын атап көрсеткен.


Ең өкініштісі, сауалнамаға қатысқандардың 52,6 пайызы ешқашан қағаз кітап оқымағанын, 65,2 пайызы электронды кітап оқып көрмегенін айтқан.


1996 жылдан бері 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні ретінде аталып өтіледі. ҚСЗИ жүргізген сауалнама осы айтулы күнге орай жүргізіліп отыр.



Автор: Есімжан Нақтыбай



#Білім #Әдебиет #Қоғам #Статистика


© 1999-2019  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon