Search

Қазақстанда оқушылардың қосымша білім алу тәртібіне өзгерістер енгізілді


Балалардың мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік ұйымдарда да қосымша білім алуына жағдай жасалады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балалардың қолөнер мен шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысуы үшін «Балалар үйірмесі» қызметін қайта жандандыру туралы тапсырма берді. Қосымша білімсіз балалардың әлеуетін толық ашу мүмкін емес. Сондықтан әр баланың сабақтан тыс үйірмелер мен секцияларға қатысу мүмкіндігі болуы маңызды. Елімізде мемлекеттік қосымша білім беру мекемелері біз қалағандай көп емес. Сондықтан балаларды қосымша біліммен қамту үшін тиісті жұмысты атқарудамыз. Осы ретте жағымды жаңалықпен бөліспекпін.


Жақын арада балалардың мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік ұйымдарда да қосымша білім алуына жағдай жасалады. Мұндай норма «Білім туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қамтылған. Ол Парламент Мәжілісінің екі оқылымынан өтті», - деп жазды министр Facebook парақшасында.


Оның атап өтуінше, қосымша білім беру жүйесіне оқушылар сарайлары, түрлі үйірмелер, секциялар, көркемөнер және музыка мектептері, жас техниктер станциялары және тағы басқалары енеді. Бұл бағыт арқылы бала қосымша білім алып, түрлі дағдыларын дамытады.


«Мемлекет тарапынан ақша бөліп, оқушылар сарайын, өнер мектептерін салу, үйірмелер ашу – бір бөлек. Дегенмен мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік орталықтарда баланың қосымша білім алуына жағдай жасау маңызды. Бұл – мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты. Бұған дейін осындай жүйе арқылы қысқа мерзім ішінде мемлекет тарапынан үлкен салымдарсыз балабақшалардағы орын жетіспеушілік проблемасы айтарлықтай шешілген болатын. Оны жеке балабақшалардың даму тәжірибесінен байқауға болады.Яғни, кәсіпкерлер өз есебінен мектепке дейінгі білім беру мекемесін толығымен салады немесе ғимаратты жабдықтайды, ал мемлекет әрбір балаға мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы ақша төлейді», - деді ол.


Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, нәтижесінде мемлекет құрылысқа және материалдық-техникалық базаға жұмсалатын ақшаны үнемдейді. Мәселен, соңғы 10 жылда жеке инвестициялардың есебінен балабақшалардың саны 10 есе өсті.


«Енді біз қосымша білім беру жүйесінде де осындай тетікті қолданатын боламыз. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқасында қысқа мерзім ішінде балаларды үйірмелермен және секциялармен қамту деңгейін айтарлықтай шығынсыз арттырамыз. Жұмыс істеп тұрған қосымша білім беретін мемлекеттік ұйымдар да өз қызметін жалғастырып, дамитын болады», - деді министр.


Автор: Марлан Жиембай


#Білім #ҚР Білім және ғылым министрлігі


© 1999-2019  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon