Search

Қазақстанда мектепке дейінгі білім беруге ваучерлік жүйе енгізіледі


Елімізде балабақшаларға субсидия бөлуден бас тартпақ. Ол үшін мектепке дейінгі білім беруге ваучерлік жүйе енгізіледі. Пилоттық жоба күзде жүзеге асырылмақ. Мұндағы мақсат балабақшаны таңдау құқығын ата-ананың еркіне беру. Яғни тәрбие ошақтары мемлекеттік тапсырыстан қағылады. Қаражат тікелей ата-ананың есебіне аударылады.


2025 жылы барлық бала мектепке дейінгі біліммен қамтылуы тиіс. Әсіресе жеке балабақшалардың санын арттыру маңызды. Президент жолдауында осындай пәрмен бар. Ол үшін ваучерлік жүйені енгізу ұсынылған. Пилоттық жоба биыл қолға алынбақ. Алдымен елорда балабақшаларында сыналады. Бірақ кәсіпкерлер жаңашылдықты қуана қабылдады дей алмаймыз.


Лейла Куленова, үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы:

- Елімізде мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін 4 мыңнан аса балабақша бар. Қазірдің өзінде қаражат дер кезінде түсіп жатқан жоқ. Күттіріп қояды. Енді ата-аналардан түсуін күтіп отырамыз деген сөз. Әйтеуір әкімдік пен балабақша арасындағы қатынас мемлекеттік тапсырыс арқылы реттеледі. Ваучерлік жүйенің заңдық механизмі реттелмеген. Егер ата-ана уақытында төлемесе, кім жауап береді? Әрбірінің соңынан қуып жүру бізге тиімсіз.


Қазақстан қаржы орталығының өкілдері бастаманың ата-анаға тиімді екенін айтып әлек. Әкімдіктен кезек күтіп отырмай, өздері қалаған тәрбие ошағын таңдай алады. Бірақ олар жаңашылдыққа дайын ба? Мемлекеттен түсетін қаражат кешігіп жатса қалай болмақ?


Балжан Әлбиева, қаржы орталығы статистика және анализ департаменті директорының орынбасары:

- Ваучерлік қаржыландыруға ауысқан кезде ақша мекеменің шотына емес, ата-ананың шотына түседі. Біз олардың қолайсыз жағдайға қалғанын қаламаймыз. Қазіргі кезде сондай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Автоматтандыру, банкпен келісу деген жұмыстар.


Жыл сайын балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс негізінде 300 млрд теңге бөлінеді. Бірақ бөлінген қаражат өзін ақтамайтын сыңайлы. Тәрбие ошақтары арасында шынайы бәсеке жоқ. Қызмет көрсету сапасы ақсап тұр әрі әкімдіктің бүйірі бұрып, сыбайлас жемқорлыққа жол берілуі мүмкін. Осындай кедергілер реформаға алып келді. Бірақ жүйенің реті әзірге нақтыланбаған.


Олжас Қайырдосов, қалалық білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің бас маманы:

- Оқу барысында мектепке дейінгі ұйымнан шығып кеткен кезде ол баланың орнына басқа бала келген кезде қаражат сол орынға бөліне береді. Тамақтануды ұйымдастыру үшін ата-аналар қаражатты бөлек төлейді. Ол бөлек тек ғана тамақтануға бөлінетін ақша. Ол жағын сізге айта алмаймын, өйткені әдістеме немесе нормативтік құжаттар дайын емес.


Ваучерлік жүйені енгізу бойынша нормативтік-құқықтық актілер дайындалып жатыр. Бірақ ата-аналар жаңашылдық жайын күзде ғана біле алады. Таңдауы түскен балабақшада орын болмаса қайда барады? Оны уақыт көрсетеді.


Авторлар: Мерей Мұратханқызы, Аят Дүйсембаев


Ақпарат көзі: 24.kz


© 1999-2019  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon