Search

Қазақстанда Бірыңғай онлайн білім беру платформасы қашан қосылатыны белгілі болды


Бірыңғай онлайн білім беру платформасы алдағы жаңа оқу жылында іске қосылады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Мемлекет басшысы Бірыңғай онлайн білім беру платформасын құру бойынша тапсырма берген болатын. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Жалпы, бұл бағыттағы қадамдар жаңа оқу жылының басына қарай аяқталады. Келесі оқу жылынан бастап білім ұйымдары бірыңғай білім беру порталын пайдалана алады», - деді Ш. Каринова Орталық коммуникациялар қызметінде.


Еске сала кетейік, 2020 жылы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында бірыңғай онлайн білім платформасын әзірлеу керектігін тапсырған еді.


Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін баспасөз мәслихатында Шолпан Каринова Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыратын олимпиадалар оқушылар үшін ақысыз негізде болатынын еске салды.


Сонымен қатар қазіргі кезде қазіргі кезде қазақстандық білім беру нарығында жекеменшік кәсіпорындар мен ұйымдар да осы қызметтерді ақылы ұсынып келеді.


«Бірақ Білім және ғылым министрлігінің бұл ақылы жарыстарға ешқандай қатысы жоқ екенін атап өтемін. Сондықтан балалар мен мұғалімдер, мектептер әртүрлі олимпиадалар мен конкурстарға оқушылардың қатысуын таңдаған кезде мұқият болуына кеңес береміз», - деді Шолпан Каринова.



Автор: Руслан Ғаббасов


#Білім #ҚР Білім және ғылым министрлігі


© 1999-2019  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon