Search

ЮНЕСКО қазақстандық мұғалімдердің жұмыс нәтижесін жариялады


Қазақстан мұғалімдерінің 80 пайыздан астамы сабақ беру барысында компьютер мен ноутбукті пайдалана алады. Бұл туралы Ақпараттық талдау орталығының президенті Мадина Тыныбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Ақпараттық талдау орталығы ЮНЕСКО-мен бірлесіп, қазақстандық мұғалімдердің АКТ құзіреттілігіне зерттеу жүргізді. ЮНЕСКО мұғалімдердің АКТ құзіреттілігі құрылымын 3 деңгеймен 6 аспектіде әзірледі. Білім алу деңгейінде мұғалімдердің негізгі базалақ АКТ құзіреттері бар екенін көрсетті. Білімді игеру деңгейінде мұғалімдер АКТ-ны белгілі бір пәнді оқыту бағдарламасына, оқу үдерісіне және бағалау жүйесіне біріктіре алады. Білім құру деңгейінде озық практикаларды модельдеуге және оқушылардың жаңа білімдерін қалыптастыруға ықпал ететін құзіреттерге ие», - деді ол ведомствоның аппарат жиналысында.


Орталық басшысының атап өтуінше, зерттеу қазақстандық мектептердің пән мұғалімдері арасында өздері толтырған сауалнамаларды пайдалана отырып, осы жылдың қаңтар-ақпан айларында онлайн форматта жүргізілген.


«Респонденттердің көпшілігі жұмыс компьютерлерімен, ноутбуктермен мектеп қамтамасыз етті деп келіседі. 60 пайыздан астамы құрылғыларда жұмыс істеуге қажетті қосымшалар бар екендігін атап өтті. Мұғалімдердің 80 пайыздан астамы өз жұмысында компьютерлер мен ноутбуктерді пайдалана алады. Бұл ретте педагогтердің шамамен 23 пайызы интернеттің тұрақтылығы мен жылдамдығына қатысты проблемалардың бар екендігін атап өтті. Ауылдағы және қаладағы мұғалімдердің көпшілігі білім беру сайттарынан және ашық ресурстардан ақпаратты пайдаланады», - деді Мадина Тыныбаева.


Оның дерегінше, орта есеппен алғанда мұғалімдер уақыттың 30-дан 70 пайызына дейін АКТ-ны қолдана отырып сабақ береді.


«Мұғалімдер өз құзіреттерін өздері бағалады. Респонденттердің 92 пайызы электронды журналдармен жұмыс істеу құзіреттілігін орта деңгейден жоғары, салыстырмалы түрде жоғары және жоғары бағалады. 80 пайызы слайд жасау құзіреттілігін, 54 пайызы аудио және видео мәліметтер жасау құзіреттілігін көрсетті. Педагогтер өздерінің АКТ құзіреттілігін жоғары бағалағанына қарамастан сауалнамаға қатысқандардың 45 пайызға жуығы базалық АКТ дағдылар бойынша курстар қажет ететіндігін атап өтті. Сауалнамаға қатысқан мұғалімдердің үштен бірі соңғы 24 айда мектеп деңгейінде АКТ бойынша біліктілігін арттырмағандығын көрсетті», - деді орталық басшысы.


Автор: Марлан Жиембай


#Білім


© 1999-2019  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon