Search

Шетелдегі қандастар Ұлттық бірыңғай тесті қашан тапсыратыны анықталды


Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу қандастар үшін 2021 жылғы маусым айында онлайн форматта өтеді. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Биыл Қазақстандағы және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Ұлттық бірыңғай тестілеу қандастар үшін 2021 жылғы маусым айында 2020 жылғы тәжірибені ескере отырып онлайн форматта өтеді. ҰБТ тапсырудың бұл форматы министрлік, Ұлттық тестілеу орталығы және «Отандастар» қорымен бірге жан-жақты қаралды. Министрлік қандастарға қазақстандық жоғары оқу орындарында жоғары білім алу мүмкіндігін кеңейту бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде. Еліміздегі және жалпы әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ҰБТ-ны ұйымдастыру процесі кезінде біздің студенттер мен жастардың денсаулығы министрлік үшін басымдықты мәселе болып табылатынын айта кеткен жөн», - деді министр.


Асхат Аймағамбетовтің атап өтуінше, өткен жылы қандастар үшін ҰБТ алғаш рет онлайн форматта ұйымдастырылды. 2020 жылғы 19 шілдеде өткен тестілеуге 551 адам қатысты.


«ҰБТ-ны объективті өткізу мақсатында тест тапсыру процесі кезінде прокторинг және бейнемониторинг жүйесі толық қамтамасыз етілді», - деді ол.



Автор: Марлан Жиембай


#Қандастар #Білім #ҚР Білім және ғылым министрлігі #ҰБТ


© 1999-2019  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon