Search

Сапасыз білім беретін ЖОО-ларға қандай мүмкіндіктер берілмек - Министрлік


ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова кейбір жоғары оқу орындарында анықталған кемшіліктерді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Министрлік сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарына қатысты мәселені шешу бойынша тиісті жұмыстарды атқарып келеді. Қазіргі кезде мемлекеттік бақылау Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жүргізіледі. Бірінші бағыты - профилактикалық бақылау. Осының нәтижесінің негізінде жоғары оқу орнына екі мүмкіндік қосымша беріледі. Ең бастысы, бұл жерде жоғары оқу орындарының мақсаты – академиялық дербестікке қарамастан білім саласындағы заңнаманы бұзбау әрі кемшіліктерге жол бермеу. Егер профилактикалық бақылаудың нәтижесі бойынша кемшіліктер анықталса, жоғары оқу орнына екінші мүмкіндік беріледі», - деді Г. Көбенова Орталық коммуникациялар қызметінде.


Осы орайда ол тексеріс жүргізілгеннен кейін қайтадан талаптарды бұзу анықталып жатса, онда үшінші тексеріс жүргізілетінін нақтылады. Тек үшінші тексерістен соң тиісті шешім қабылданады. Әкімшілік кодекске сәйкес кемшілікке қарай тиісті баппен шара қолданылады.


Сонымен қатар ол жоспардан тыс тексерулерге тоқталды.


«Министрлікке ата-аналардан, студенттерден, оқытушылардан өтініштер келіп түсіп жатады. Осы өтініштерге қатысты министрлік өз тарапынан көтерілген мәселелер тұрғысында тексеріс жүргізеді. Көбіне арыз жазатындар өздерінің мәліметтерін (аты-жөнін) көрсетпейді, яғни арыздан кейін өздеріне кесірі тиеді деп ойлайды. Атап айтқанда, егер кемшіліктер болса, сіздер алаңдататын мәселелер бойынша міндетті түрде министрлікке және тиісті байланыс желісіне хабарласа аласыздар», - деді комитет басшысы.


«Тексерістер нәтижесіне тоқталсақ, шын мәнінде жоғары оқу орындарының кейбірінде тиісті жағдай жасалмаған. ЖОО-да оқытушысыз оқу үрдісі қалай жүргізіледі? Бұл тұрғыда сырттан шақыртылған оқытушылар қамтылған. Олар басқа жерде жұмыс істейді де, қосымша жоғары оқу орнында сабақ береді. Осы орайда қандай сапа болады? Келген оқытушылардың тиісті біліктілігі болмай жатады. Білім беру бағдарламаларының сапасына байланысты сұрақтар бар. Әрине, қуанатын жағдайлар да бар, үш жылдың ішінде білім беру бағдарламаларының сапасы 3 есеге өскен. Дегенмен, әлі де кейбір оқу орындары тиісті жұмыстарды атқаруы керек», - деді Гүлзат Көбенова.


Мұнымен қоса ол кейбір ЖОО-лар материалдық-техникалық базасы жағынан ақсап тұрғанын айтты.


Автор: Руслан Ғаббасов

#Білім #ЖОО


© 1999-2019  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon