Search

Мемлекет басшысының мақаласы білім саласына айрықша ой салды – Ерлан Сыдықов


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздік құндылықтарын дамуымыздың жаңа кезеңімен байланыста байыптаған мақаласы 2021 жылдың қанатқақты сәтінде қоғамның барша саласына, соның ішінде білім саласына айрықша ой салды. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов осындай пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Рас, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!». Мұны елдіктің қадірін білетін, Қазақстанның бүгіні мен болашағына қам жейтін отаншыл азаматтар тереңінен түсінеді деп ойлаймыз.


Тәуелсіздік – ата-бабамыздың асыл мұраты болғаны үшін де қымбат.

Тәуелсіздік – жаңғыруымыздың бастамасы болғаны үшін де қымбат.


Тәуелсіздік – өткеннің бағалысын, бүгіннің керектісін, келешектің пайдалысын сезіндіргені үшін де қымбат. Бұл – Қазақстан Республикасының айбарлы биігі, тәуекел алаңы, қайрат белесі, еңбек бәсекесі, сындарлы сабақтастығы. Президент осы бағыттағы тұжырымдамасын «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» тараушалары арқылы жүйелі түсіндірген. Байыпты жеткізген», - деді Е. Сыдықов.


Қ.Тоқаев «Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр» дей келе, Президент біріншісін - «Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі», екіншісін – «Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі», үшіншісін – «мерейлі мемлекет кезеңі» деп айдарлайды.


«Бұл меженің бәрі де - жаңа тарихтың ғана емес, мәңгілігіміздің іргетасы. Осы ойды сараптаған Мемлекет басшысы жас буынның Ел Азаттығы алдындағы перзенттік парызын төмендегіше көрсетеді: «Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек».


Біз Тәуелсіздік құрдастарын оқытып-тоқытқан білім саласының мамандары ретінде олардың талғамын да, жаңашыл мұратын да жақсы сезінеміз», - деді ректор.


Мақалада Қасым-Жомарт Тоқаев осы талғам мен мұратты мемлекетшілдік арнамен қалай тоғыстыруға болатынын былайша тамаша жеткізген: «Тарихшылардың ғана емес, барша жұрттың, әсіресе, жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуға тиіс. Бұл ретте, ауқымды көрмелермен немесе басқа да үлкен жобалармен әуестенбей, балаларға, жастарға арналған қарапайым әрі қабылдауға жеңіл туындыларға баса мән берген жөн».


Ғалымның пайымынша, хандық дәуірдің алаулы шағы мен қыспақты кезеңінің ақиқатынан 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне дейінгі азаттық жолындағы күрес тағылымын таразылаған Мемлекет басшысы «тарих сабағы» деген мәселеге білікті саяси қайраткер ретінде қарайды.


«Тіпті зерделі жастар түсінсін деген оймен: «Біз тығырықтан шығар жолдың саңылауы да көрінбейтін қиын күндерден қақтығыс пен қантөгіске ұрынбай аман шығып, ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы Қазақ мемлекетін құрдық. Бүгінгі және болашақ ұрпақ мұны әрдайым біліп отыруы керек. Сол үшін Қазақстанның жаңа тарихын да жүйелі зерттеген жөн» дейді.


Бұдан зерттеу мен оның проблемасына байланысты қоғамның, соның ішінде жастардың түсінік-танымы, зәруліктерді дұрыс аңғаруы қалыптасады. Тарихты тану мен тарихнамаға деген халық түсінігін қалыптастырудың тұжырымдамасы да осында айтылған. Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді» деген ойы біздің саланың темірқазығы іспеттес», - деп тоқталды Е. Сыдықов.


Өздеріңізге мәлім, өткен жылы Мемлекет басшысы Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды. Бұл комиссия Тәуелсіздіктің 30 жылдық кезеңінде елеулі де нәтижелі жұмыс істейтініне күмәніміз жоқ. Мақалада осы бастамаға серпін беретін ой да жеткілікті.


«Мысалы, Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды» деген пікірінің астарында іргелі зерттеулерге мұрындық болатын пікірлер жатыр. Тарих – Тәуелсіздіктің оқулығы ғана емес, оны қорғау мен қолдаудың баға жетпес құралы. Бұл ретте Президенттің мына тұжырымы отаншылдықтың жаңа сөзі деп білеміз: «Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді».


Мақалада ұлттық жаңғыру, елдік береке-бірлік, мемлекет болашағы жолындағы этносаралық тұтастық тарих пен қазіргі шындық аясында жан-жақты талданып, жүйелі зерделенген. Президент тіпті халық ынтымағының рәмізі сынды Наурыз мерекесінің мазмұны мен формасына да жаңаша сипат беруді ұсынады», - деді ЕҰУ ректоры.


Осы орайда ЖОО ректоры түптеп келгенде, мәселенің бәрі білім мен ғылымға тірелетінін атап өтті. Тарихқа да, танымға да, қоғамдық жаңғыруға да, елдік ұстанымға да, жаңашыл бағдарға да білім-ғылым қуаты керек. Осы ретте мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлының: «ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс» деген тұжырымы жоғары мектеп саласын жаңа міндеттерге жұмылдырады.


«Қазақстанның әрбір зиялы азаматы тарих пен бүгінгі күн ақиқатын зердемен таразылап, парасатпен мемлекетшілдік мүддеге сәйкестендірсе, Тәуелсіздік мұратының да орындалғаны, баянды істердің де лайықты жалғасқаны. Біз солай болатынына сенеміз», - деді Ерлан Сыдықов.


Автор: Руслан Ғаббасов



#Білім #Ғылым #ЖОО #Президент

© 1999-2019  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon