Search

Мектеп бағдарламасына «Адалдық әліппесі» деген пән енгізілуі мүмкін


Мектеп бағдарламасына «Адалдық әліппесі» енгізілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Парасаттылық идеологиясын насихаттауда үздіксіз кешенді білім беру маңызды. Біз қазіргі таңда Білім министрлігімен негізгі мектеп пәндерінің бағдарламасына парасаттылық идеологиясын енгізуді пысықтадық. Осы ретте «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы, Агенттіктің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Дархан Қыдырәлінің «Адалдық әліппесін» әзірлеу туралы бастамасы назар аударуға тұрарлық. «Тәрбие тал бесіктен басталады» дегендей, бұл қадам балаларды ерте жастан адал өмір сүруге баулуға ықпал етеді», - деді Алик Шпекбаев агенттіктің алқа отырысында.


Сонымен қатар ол азаматтарды мемлекеттік органдардың қызметіне тарту институттары мен тетіктерін нығайту маңызды міндет екендігін баса айтты.


«Агенттікте қоғам өкілдері барлық аппараттық кеңестерге, кадрлық және мемлекеттік сатып алу бойынша комиссияларға қатысады, бұл біздің қызметіміздің ашықтығы мен айқындығының жоғары деңгейін көрсетеді. Бұл барлық мемлекеттік аппаратқа тән болуы керек. Мемлекет басшысы айтқандай, азаматтар – біздің басты тұтынушыларымыз, сондықтан біз қызметімізді қоғамнан жасырмауымыз керек. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелердің тәжірибесіне әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, конкурстық кадр комиссияларының онлайн-трансляциясын енгізу ұсынылады», - деді ол.


Автор: Марлан Жиембай



#Білім #Сыбайлас жемқорлықпен күрес #Қоғам

© 1999-2019  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon