Search

Елордалық оқушылар жазғы каникулда «Жасыл ел» жасағында жұмыс істей алады


Елордалық оқушылар мен колледж студенттері жазғы каникулда «Жасыл ел» жасағында жұмыспен қамтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова айтып берді.


«Жасыл ел» әлеуметтік жастар жобасы аясында мектептер мен колледждердің 14-18 жастағы оқушылары биылғы 1 маусым – 10 тамыз аралығында жазғы кезеңде жұмыспен қамтылады. Көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, ювеналдық полицияда есепте тұрған балалар және жетім балалар қатарынан 700-ге жуық баланы құрайды», - деді Р. Иманғазинова елорда әкімдігінде өткен онлайн брифингте.


Бағдарлама аясында мектептермен шарт жасалады, балалар мектеп жанындағы учаскелерде жұмыс істейді, мектеп аумағын көгалдандырумен айналысады.


Жоба бойынша әр балаға 60 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы қарастырылған.


Бұдан басқа, 1 маусым мен 25 тамыз аралығында балаларға білім беру ұйымдары базасында онлайн алаңдар қолжетімді болады. Нақты құрылған жұмыс балаларға таңертеңнен бастап, қызықты және пайдалы білім алуға мүмкіндік береді. Мұнда балалар бағдарламалау, дизайн, жүйелік басқару, ойындар әзірлеу және басқа да IT-бағыттарда өздерін сынап көре алады. Сондай-ақ, болашақ 1-сынып оқушыларын даярлау мақсатында әр мектепте тамыздан бастап, екі апталық «Балақай» мектебі ұйымдастырылады.


Айта кетейік, биыл балалар үшін жазғы демалыс ҚР БҒМ ұсынған «Қазақстан балалары – жазды қуанышқа толтырайық» тақырыбымен ұйымдастырылады.


1-30 маусым аралығында Оқушылар сарайлары жанында жазғы демалыс академиясында, көркем және муызкалық мектептерде, техникалық және шығармашылық орталықтарда, «Арт тұмар» орталығында үйірмелер мен секциялар ашылады.


26 мамырдан 19 маусымға дейін ата-аналардың өтінішімен оқыту сапасын арттыру және шектеу шаралары кезіндегі білім алуда жіберілген олқылықтардың орнын толтыру үшін онлайн-оффлайн режимінде жазғы мектеп ұйымдастырылады.



Автор: Айжан Серікжанқызы


#Нұр-Сұлтан #Білім


© 1999-2019  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon