Search

БҒМ: Екі жоғары оқу орнына жаңа ректор сайланды


Екі жоғары оқу орнына жаңа ректор сайланды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Республикалық конкурстық комиссияның шешімімен «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті» КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректор лауазымына Гүлмира Әмірханқызы Қанай сайланды. Ол философия ғылымдарының докторы (PhD).


Әр жылдары Г. Қанай Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде, Ворвик университетінде (Ұлыбритания), Кембридж университетінде (Ұлыбритания) оқып, докторлық диссертациясын қорғады. Гүлмира Әмірханқызы Кембридж Университеті мен Назарбаев Университетінде қызмет атқарған.


Директорлар кеңесі ұсынған кандидатуралар бойынша Республикалық комиссия мүшелері «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректор лауазымына Дархан Нұрланұлы Біләловті сайлады.


Әр жылдары Д. Біләлов Еуразия ұлттық университетінде, Солтүстік-Батыс университетінде (АҚШ) және Пенсильвания мемлекеттік университетінде (АҚШ) білім алған. Соңғы оқу орнында жоғары білім берудегі көшбасшылық бойынша докторлық диссертациясын қорғаған. Дархан Нұрланұлының БҰҰ ДБ, Дүниежүзілік банк, Назарбаев университеті, Пенсильвания мемлекеттік университетінде жұмыс тәжірибесі бар.


Басқарма төрағасы – ректорды сайлау 2 кезеңде өткізілетін ашық конкурс арқылы жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Республикалық комиссияның құрамына Парламент депутаттар, салалық кәсіподақтың және «Атамекен» ҰКП өкілдері, сондай-ақ белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері кірді.


Автор: Руслан Ғаббасов


#Тағайындау #ЖОО


© 1999-2019  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon