Search

Ақтөбелік оқушы тасжол беріктігін арттыратын әдісті ұсынды


Ақтөбелік оқушы тасжол беріктігін арттыратын әдісті ойлап тауып, жобаны патенттеп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Гаухар Ахтанқызы автокөлік жолдарының құрамындағы бетон беріктігін арттыратын химиялық қоспаны ойлап тауып, өнертабысын патенттеді.


Жетекшілерінің идеясын іске асырған зияткер 2 жыл ішінде ауқымды зерттеу жұмысын жүргізіп, тәжірибе жүргізген.


Жас өнертапқыштың сөзінше, жол сапасын арттыру үшін глицерид фелон қышқылын пайдалануға болады. Бұл – қоспаның ең негізгі компоненті.


«Химиялық қоспаны әзірлеу ұзақ процесс. Автокөлік жолдарының құрылымы мен құрылысын зерттеу, лабораториялық эксперимент өткізу секілді бірнеше кезеңнен тұрды. Қарапайым картопты пиролиздеу әдісі арқылы керекті элемент, яғни, глицерид фелон қышқылын алдық. Кейін дайын қоспаның ылғал сіңіргіштік қасиеті мен жүк көтеру мүмкіндігін анықтадық. Осылайша өнімнің жол сапасын жақсарта алатыныма көз жеткіздік», - дейді жас ғалым Гаухар Ахтанқызы.


Елімізде мұндай химиялық қоспаның аналогы бар. Өндірушілер оны қызылшадан жасайды.


Алайда Гаухар Ахтанқызы бетон беріктігін нығайтуға арналған қоспаны картоптан алған әлдеқайта тиімді әрі үнемді, өндіру де қиынға соқпайды деп есептейді.


Сондай-ақ химия пәнінің мұғалім-модераторы Дастан Назаровтың жетекшілігімен жүргізілген жобада еліміздегі жолдардың неліктен сапасыз екені қарастырылған.


«Көптеген мердігер кәсіпорын жол салу техникасынан қателік жібереді. Бұл маман тапшылығы салдарынан болады. Сондай-ақ көптеген жол-құрылыс компаниясы қажетті қоспаны пайдаланбайды. Оны артық шығын деп есептейді. Біз осы мәселелерді ескеріп, бетон беріктігін сақтайтын үнемді қоспа дайындадық», - дейді зияткер.


Айта кетейік, 2019 жылы басталған зерттеу жұмысы Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында жүргізілді. Мұнда тәжірибе жасауға барлық мүмкіндік қарастырылған.


Енді дайын қоспаны өндіріске ұсыну үшін сертификат алып, ғылыми-техникалық сараптамадан өткізу жоспарда бар.


Ал мектеп түлегі Гаухар Ахтанқызы болашаған құрылыс инженерия саласымен байланыстырғысы келеді.



Автор: Алтынай Сағындықова


#Ақтөбе облысы #Білім #Ғылым


© 1999-2019  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon