Search

Атырауда шетелдік студенттер бес тілді үйренеді


Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде шетелдік студенттер 5 тілді үйренеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Уиверситет ректоры Саламат Идрисовтің айтуынша, бұл бастаманы іске асыруға атыраулық ерікті студенттер тартылған.


«Атырау облыстық әкімдігі университеттің жаңа бастамасына қолдау білдірді. Шетелдік студенттер үшін ашылған курста қазақ, ағылшын, орыс, түрік және қытай тілін үйрету көзделіп отыр. Бұған Каспий өңірі елдеріндегі жоғары оқу орындарының мамандары да атсалысады. Басты мақсат – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі деңгейіне көтеру тапсырмасына үлес қосу. Әсіресе, шетелдік студенттердің қазақ тілін терең меңгеруіне де жол ашылады», - дейді Саламат Идрисов.


Ректордың мәліметінше, қазір аталған университетте 200-ден астам шетелдік студент оқиды. Олардың бсым бөлігі – Ресей Федерациясындағы Астрахань облысының тұрғындары.


Ал, облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаеваның пікірінше, әкімдік тарапынан қазақ тілінің халықаралық қатынас тілі ретінде қанат жаюына қолдау көрсетіледі.


«Бұл бастама шетелде тұратын қандастарымыздың да қазақ тілін меңгеруіне септігін тигізеді. Осы облыстық тілдерді дамыту басқармасы аталған курста қолға алынған тәжірибе негізінде әдістемелік құралдар жасақтайды. Мұндай талап 2025 жылға дейінгі кезеңді қамтитын Тілді дамыту мемлекеттік бағдарламасында айқын көрініс тапқан», - дейді Қыстаубаева.


Автор: Бек Мұстафа


#Атырау облысы #ЖОО #Тіл

© 1999-2019  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon